Коммуналдық сала нысандарын, жолдарды және су құбырларын жөндеу, қысқа дайындау барысында әр сағат есептеулі екені анық. Бүгіндер уақытын жіберіп алсаң, артынан ол жұмыстарды қауырт түрде шешуге тура келеді. Осы күндері қолайлы ауа райы тұрғанда белгіленген жұмыстарды, демалыс күндерін де пайдалана отырып, барынша атқарып қалу керек. Өткен жексенбі күні облыс әкімі Сергей Дьяченко Көкшетау қаласын аралау барысында осы пікірлерін қала басшылары мен коммуналдық қызмет басшылары назарына жеткізді.
Аймақ басшысы Сергей Дьяченконың басты назары, әрине, РК 2 су қазандығында болды. Мұнда демалыс күні болса да, қосымша трансформаторды іске қосып жатқан электриктер жүр екен. Қазандық басшыларының айтуына қарағанда, толығынан жылу беруге 9 және 10 қазандар дайын екен. Облыс әкімі РК 2 де айтарлықтай біршама жұмыстар істелгенін мойындаса да, жайбарақаттықтан құтылу, отын дайындау мәселелерімен нақтылау шұғылдану керек деді .
РК 2 аралау барысында коммуналдық қарыздарды жою туралы әңгіме көтерілді. Қала басшылары осы бағытта бірсыпыра жұмыстар жүргізіліп жатқанын және «Коммунплат» сияқты мекемелердің қызметінен біртіндеп бас тарту керек екенін айтты.
Облыс әкіміне Сүлейменов, Абай, Чапаев және Ақан сері көшелерінде жөнделіп жатқан су және канализация құбырлары көрсетілді. Бұдан басқа аймақ басшысы Набережная көшесінде «Көкшетау жолдары» ЖШС ің күшімен жүргізіліп жатқан жол құрылысын байқады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі