Зерендідегі өз сапарында облыс басшысы алдымен жаңадан салынып жатқан 8 пәтерлік тұрғын үй нысанында болды. Құрылысын жүргізу «Зеренді Сервис» аудандық коммуналдық шаруашылығы кәсіпорнына сеніп тапсырылған бұл үйді бір айдан кейін пайдалануға беру көзделіп отыр.
Қысқы маусымға тыңғылықты дайындық жүргізілген аудандық орталық қазандық биыл жазда қатты отынға көшірілген. Аудандық аурухананың қазандығы да қазір алдағы кезендегі жұмысқа дайын тұр. Ол жалғыз аурахананың ғимаратына ғана емес, сонымен бірге, маңайдағы басқа нысандарға да жылу бере алады. Аудан тұтастай алғанда, қажетті көмір қорымен де қамтамасыз етіліп отыр.
«Викторовка» және «Зеренді Астық» серіктестігіндегі күзгі дала жұмыстарымен танысқан облыс әкімі Сергей Дьяченко осы шаруашылықтардың қырмандары мен астық сақтайтын қоймаларында да болып, комбайыншылармен және жұмысшылармен әңгімелесті.
Облыс әкімі сондай ақ, «Зеренді Астық серіктестігінің Айдабол» ауылындағы шағын ет комбинатының жұмысымен танысты. Кәсіпорын ауысымына 1 тоннаға дейін ет және соншама мөлшерде шұжық өнімдерін өндіреді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі