20 Сентября | 2010г. Өнеркәсіпке көбірек назар аудару керек
17 қыркүйек күні облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген кеңесте облыстың өнеркәсіп саласы кәсіпорындарының биылғы жылдың сегіз айындағы жұмыс қорытындылары шығарылып, осы саланың алдағы даму жоспары мен міндеттері айқындалды. Кеңесті ашқан облыс басшысы биылғы жылдың 8 айы ішінде өнеркәсіп саласы кәсіпорындары 104 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімдерін өндіргендігін, бұл өткен жылғы осы кезеңдегімен салыстыр-ғанда 25 млрд. теңгеге артық екендігін айта келе, өнеркәсіпте жалпы алғанда өсім болғанымен, жекелеген салалар бойынша өндіріс көлемінің біршама төмендеп кеткендігін де атап көрсетті. Облыс өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысы жөнінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров баяндама жасады. Облыс аумағында қазіргі күні өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін 2900 шаруашылық етуші субъект бар екен. Олардың 141-і ірі кәсіпорындар. Бүгінде бұл салада 40 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл облысымыздағы еңбекке жарамды адамдардың 15 пайызы. Яғни, өнеркәсіп бүгінде облысымыздың экономикасындағы басты салаларының бірі болып табылады. Баяндамашы жалпы алғанда өнеркәсіп саласында өсім болғанымен, жекелеген салалар мен өңірлерде өндіріс көлемі керісінше кеміп кеткендігін жасырмады. Облыстағы 25 ірі кәсіпорын өндіріс көлемін 5 миллиард теңгеге дейін кемітіп алған. Бұл жалпы өндіріс көлемінің 5 пайызы. Осы жағдай өнеркәсіп саласындағы жетістіктердің жекелеген кәсіпорындардың есебінен ғана жүзеге асып отыр-ғандығын айғақтайды деп атап көрсетті облыс әкімінің бірінші орынбасары. Жекелеген аудандар өндіріс көлемін өсірмек түгілі, өткен жылғы деңгейден біраз төмендеуіне жол беріп алған. Облыс өнеркәсібінде негізгі орын алатын тау-кен өндірісі саласы десек, бұл сала жыл басынан бері 12 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Яғни, өсім өткен жылға қарағанда 22 пайызға артық. Түсті металл мен гранит өндіру көлемі өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге дейін көбейген. Егер осы саладағы 6 кәсіпорын өнім көлемін кемітіп алмағанда бұл көрсеткіштің мұнан да жоғары болары анық еді. Ал 3 кәсіпорын, атап айтқанда «Моликен», «Тұлпар-НС» және «Көкшетау-Неруд» жауапкершілігі шектеу-лі серіктестіктері өз жұмыстарын мүлдем тоқыратып алған. Бұның өзі аталмыш кәсіпорындардың маркетинг қызметтерінің ақсап тұрғандығын анық көрсетеді. Өйткені, облыста қиыршық тасқа деген сұраныс бар. Бұл саладағы жоғары көрсеткішке «Алтынтау» тау-кен байыту комбинаты» акцио-нерлік қоғамының жаңа кен байыту фабрикасын іске қосуының нәтижесінде қол жеткізілді, деп атап көрсетті облыс әкімінің орынбасары Қадырхан Отаров. Өнеркәсіп саласында үлкен орны бар Еңбекшілдер ауданындағы «Сага Крик Голд Компани» және Бурабай ауданындағы «Голд Ленд» жауапкершілігі шектеулі серіктестік-терінде өндіріс көлемі жыл басынан бері төмендеп, жағдайды жақсарту бағытында ешқандай да әрекет жасалмаған. «Өркен-Атансор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де темір кенін өндіру көлемін біршама кемітіп алған. «Тыныс» акционерлік қоғамы полиэтилен құбырларын шығаруда біраз жетістіктерге жеткенімен, суық және ыстық суды есептегіш құралдарын, таразы мен өрт сөндіргіштер сияқты халық тұтынатын тауарларды шығаруға жете көңіл бөлмей отыр. Химиялық өнімдерді өндіру саласында да құлдырау байқалуда. Бір кезде фосфор тыңайтқыштарын шығарып келген Степногорск қаласындағы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өз қызметін тоқтатуы бұл саладағы өндіріс көрсеткіштеріне айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Уран өндіретін «Степногорск тау-кен химия комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіріс көлемін өткен жылдың 77 пайызы деңгейіне дейін түсіріп алған. Бұдан кейін сөз алған Көкшетау қаласының әкімі Мұнарбек Батырханов қаладағы ірі өнеркәсіп орындарының жұмысына тоқталып өтті. Қорғаныс және Денсаулық сақтау министрліктерінен тапсырыс ал ған «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамы жұмысын біршама жандандырды. «Тыныс» және «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамдарының жаңа желілері іске қосылды. Еңбекшілдер ауданының әкімі Теміржан Хамитов аудандағы өнеркәсіп саласында жұмыс іс-тейтін кәсіпорындардың жайы туралы баяндаса, «Степногорск тау-кен химия комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Эшмурат Пирматов уран өнімдерін байытатын кәсіпорын жұмысындағы кездесіп отырған қиындықтарға тоқталды. Автокөлік шығаратын «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамының бас директоры Сергей Кистин, уран өндіретін «Семізбай-U” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ақмұрат Алтынбек, темір кенін өндіретін «Өркен-Атансор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сергей Филипов, «Арыстан Степногорск құбыр зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Леонид Винчо және электровоз жөндеумен айналысатын «Қамқор-Локомотив» жауапкершілігі шектеулі серік-тестігінің директоры Қайдар Асайынов өздері жетекшілік ететін кәсіпорындардың бүгінгі тірлік тынысы мен атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндады. Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Сергей Дьяченко облысымызда өнеркәсіп саласы жылдан-жылға қарқынды дамып келе жатқандығын, жаңа кәсіпорындардың іске қосылып, саланың облыс экономикасындағы үлес салмағының арта түсіп отырғандығын атап өтті. Дегенмен де, жекелеген аудандарда өнеркәсіп өз деңгейінде дамымай отыр. Осы орайда, облыс басшысы аудан және қала әкімдеріне алдағы уақытта өнеркәсіп кәсіпорындарының басшыларымен бірлесе отырып саланы дамытудың нақты іс-шараларын ойластыруды тапсырды. Елбасының бастамасымен қабылданған 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриалдық-инновациялық бағдарлама еліміздегі өнеркәсіп саласын дамытуға үлкен серпін беруде. Бұл саладағы барлық жұмыстарымыз осы бағдарлама шеңберінде атқарылуға тиіс. Биылғы жылдың басынан бері 4 инвестициялық жоба іске қосылса, жыл аяғына дейін тағы да 4 жоба пайдалануға берілмекші. Облыс басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы жылы да жалғастырылатындығын атап өтті. Облыс әкімінің баспасөз қызметі