Кезекті аппараттық мәжілісті облыс әкімі Сергей Дьяченко кадрлық өзгерістерден бастады. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Салық комитеті төрағасының өкімімен Дулат Нұрахметұлы Нұрмолдин Ақмола облысы бойынша салық департаментінің бастығы болып тағайындалды. Бұған дейін ол Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша салық департаментінің бастығы болып қызмет істеді. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевттік бақылау комитеті төрағасының бұйрығымен ҚР ДСМ Ақмола облысы бойынша медициналық және фармацевтік бақылау департаментінің директоры болып Нұрхан Ыбырайханқызы Назирова тағайындалды. Бұл қызметке тағайындалмай тұрып ол ҚР ДСМ медициналық жәрдем ұйымдастыру департаментінде алғашқы медико санитарлық көмек көрсету бөлімінің бастығы болған. Мәжілісте қарт және мүгедек адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету жөнінде айлық өткізу туралы ақпарат тыңдалды. Бұл айлық аясында «Қамқорлық» және «Біз бір командамыз» атты акциялар өткізу жоспарланып отыр. Ұйымдар мен кәсіпорын басшылары меншік түріне қарамастан қарттар және мүгедек, бұрын еңбек ұжымдарында істеген мүмкіндіктері шектеулі адамдармен кездесулер өткізуге тиісті. Селолық аймақтардағы елді мекендерде жергілікті атқару органдары тұрмыс жағдайы төмен отбастарына картоп, жем және отын алуына көмек көрсетуі жоспарланып отыр. Мәжілісте бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің жұмысы туралы әңгіме көтерілді. Үстіміздегі жылдың 8 айында бұл мекеме 736 кәсіпорын мен ұйымдарды тексеріп шықты. Тексеру барысында 3054 кемшіліктер табылған, оның 1654 еңбек туралы заңнама бойынша, 1389 – еңбек қорғау және 11 халықты еңбекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша. Тексеру нәтижелері бойынша 759 нұсқама тапсырылған. 2010 жылдың есеп мерзімінде мемлекеттік еңбек инспекциясына азаматтармен заңды тұлғалардың 798 жолдамалары қаралды. Астана, Көкшетау және Степногорск қалаларында құрылған оқу консультациялық орталықтарда аталған мерзімде 476 басшылар мен мамандар еңбек заңнамасы бойынша оқытылып, аттестациядан өтті. Әділет органдарының өкілдері өңір басшысына жеке куәлік пен паспорттар дайындау барысында кездесетін қийындықтар туралы айтып берді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров егін ору науқаны аяқталғаны туралы баяндады. Барлық қаралған мәселелер бойынша облыс әкімі нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімінің баспасөз қызметі