Кеше облыс әкімі Сергей Дьяченко қызмет бабымен «НовоПЭК» ЖШС де болды. Серіктестіктің басшысы мұның алдында қысқа мерзім ішінде әкімшілік ғимаратының маңдай бетін жаңартып, маңайындағы аумақты абаттындырамыз деген уәде берген еді. Бірақ, белгіленген уақытта аталған жұмыстарды ұйымдастыра алмады. Сондықтан кездесу барысында әңгіме өте қатал түрде өтті.
«Новопэктықтар» кінәларын мойындап, көркейту жұмыстарын көп ұзатпай орындаймыз деген сөз берді.
Жуырда өткен сенбілікте қанша ағаш отырғызылды, олар суарыла ма екенін білу үшін облыс әкімі Сергей Дьяченко қаланың мөлтек аудандарында болып, көгалдандырылған учаскелерді көрді.
Өңір басшысы облыс орталығындағы әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үйлердің күтіп ұстау жағдайын көріп, бірқатар ескертулер жасады. Әсіресе, қалаға кіреберістегі билбордтардың көркемдік жағынан кемшіліктері бар екенін атап өтті. Келесі мамыр айындағы мерекелерге дейін Даңқ Саяжолын қалпына келтіру, көшелердегі ағаштардың бастарын кесу туралы тапсырмалар берді. Облыс әкімі триатлон мектебі жанындағы бұрынғы стадионның орнын да көрді.
Сол күні облыс әкімі Сергей Дьяченко Балалар шығармашылық үйінде және балалар көркемөнер мектебінде болып, оқушылармен, олардың ұстаздарымен әңгімелесті.
Аспап жасау зауытының скверінде салынған ғимаратты көріп, оны облыс жұртшылығының өтінішіне сай Достық үйі ретінде пайдалануға болатыны туралы пікір айтты.
Көкшетау басында салынып жатқан мешіт құрылысында да болды. Халықтан, кәсіпкерлерден түсіп жатқан қаржыны тиімді пайдалану керек екенін ескертті. Мешіт көзге тартымды болу керек, сондықтан оның күмбездерін алтын түсті материалдардан жасау керек, деді облыс басшысы.
Бір топ мамандармен бірге облыс әкімі Сергей Дьяченко РК-2 қазандығының күл үйіндісінде, содан кейін Көкшетау әуежайында болды. Мұнда осы күндері ұшу қону алаңын кеңейту, әуежай ғимаратын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі