Шахмет Құсайынов атындағы қазақ драма театрында өткен кезектен тыс конференцияны қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Әлібек Баймағанбетов ашып, жүргізіп отырды. Конференцияның күн тәртібін белгіленгеннен кейін, сөз облыс әкімі, Нұр Отан халықтық демократиялық партиясы Ақмола филиалының төрағасы Сергей Дьяченкоға берілді. Ол өзінің сөзінде Елбасы, «Нұр Отанның» лидері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел алдына қойып тұрған міндеттерін жүзеге асыру үшін партияның алдында да келелі міндеттер тұрғандығын атап көрсетті. Сол үшін партияның Көкшетау қалалық филиалын өз ісін жетік білетін жан басқаруы деп,-қала әкімі Мұнарбек Батырхановтың кандидатурасын төрағалыққа ұсынды.
Конференция делегаттары бұл кандидатураны қолдап, бірауыздан дауыс берді. Сөйтіп, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Көкшетау қалалық филиалының төрағасы болып, қала әкімі Мұнарбек Батырханов сайланды. Ол өзінің сөзінде сенім көрсеткендері үшін облыс әкімі С.А. Дьяченкоға және конференция делегаттарына шынайы ризашылығын білдірді. Мұнан кейін сөз сөйлеген «Қазақстан кәрістері ассоцияациясы» ұлттық-мәдени орталығының төрағасы М.А.Чжен, облыстық мәслихаттың депутаты Г.В.Осиненко, «Жас саясатшылар» клубының директоры Г.Бегалина қалалық партия филиалының төрағасын қолдап, алда тұрған міндеттер жайында өз-ой толғамдарын білдірді.
Конференция делегаттары алдында облыс әкімі, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Ақмола филиалының төрағасы Сергей Дьяченко сөз сөйлеп, нақтылы міндеттерге тоқталды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қазіргі қарқынының жаман еместігін айта келіп С.А.Дьяченко негізгі назарды алдағы мәселелерге аударды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі