Өткен аптада облыс әкімі Сергей Дьяченко Жарқайын, Зеренді, Ақкөл және Қорғалжын аудандарында болып, «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалдарындағы депутаттық фракция мүшелері және жергілікті халық қалаулыларының келісімімен аталған өңірлер басшыларының өкілеттіктерін ұзартты.
Жарқайын ауданында болған қысқа жұмыс сапары барысында облыс әкімі Сергей Дьяченко салынып жатқан тұрғын үйлерді көрді. Жуырда ғана пайдалануға берілген 75 пәтерлік үйде болды. Мұндағы пәтерлер аса мұқтаж болып отырған көпбалалы, жас мамандар отбастарына берілді.
Өңір басшысы осы үйден пәтер алған 84 жастағы соғыс және еңбек ардагеріне, апалы сіңлілі екі жас маманға, және интернационалдық жас жанүяға сыйлықтар тапсырды (телевизор және тағы басқа заттар).
Қорғалжында кезектен тыс аудан мәслихатының сессиясынан кейін облыс әкімі Сергей Дьяченко тағы да Сабынды ауылында орналасқан ет өңдеу кешенінде болды. Бұл кәсіпорын бірінші жартыжылдықта іске қосылған. Әкімнің осы келгендегі мақсаты жоғары сапалы ет шығаратын кәсіпорын жобаланған деңгейіне жетті ма екен, соны өз көзімен көру. Жаңа кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп қана қоймай, еліміздің астанасы Астана қаласын белгілеген мөлшерде етпен қамтамасыз етеді екен.
Аталған аудандарда болғаннан кейін облыс әкімі аттың басын тағы да Ақмол ауылына тіреді. Мұнда ол салынып жатқан балабақшада болды. Бұл нысан салтанатты түрде қараша айының басында қатарға қосылмақ. Аудан басшыларына жаңа балабақшаны барынша көркейтіп, маңайын абаттандыру керек екенін тапсырды. Қазірден бастап балалардың тізімін жасау қажет, жаңа көркем бақшада ең жақсы педагогикалық мамандар істеу керек.
Содан кейін облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті. Олар атқарылып жатқан ауылды сәулеттендіру жұмыстарына, үзіліссіз беріліп отырған су мен жылу үшін атқарушы биліктің өкілдеріне алғыстарын айтты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі