Кеше облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат мәжілісінде Есіл экологиялық департаментінің Ақмола филиалы мен облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының жыл басынан бергі тындырған жұмыстары талқыланып, баға берілді. Аппарат кеңесінде аталған мәселе бойынша осы департамент бастығының орынбасары Қайырбек Шалабаев есеп берді. Ақмола филиалының негізгі жұмыс бағыттарына қоршаған ортаны ластауды нормативтік реттеу, табиғи экологиялық жүйелерді сақтау, ластағыш заттардың табиғи ортаға таралуын тежеу, радиациялық қауіпсіздік, өндіріс және тұтыну қалдықтарын жүйелеу сияқты мәселелер жатады. Облыстың стратегиялық даму жоспарына байланысты қоршаған ортанының сапалық көрсеткіштері негізге алына отырып, табиғат проблемаларының реестрі жасалды. Оған республикалық бюджеттен қаржыландыруды қажет ететін 10 неғұрлым өзекті проблема іріктеліп алынды. Қазір қауіпті қалдықтар мен ластану телімдерін паспорттау жүргізілуде. 2009 жылы атмосфералық ауаға өнеркәсіп қалдықтарының таралуы 101,18 мың тонна құраса, 2008 жылы бұл көрсеткіш 101,9 мың тонна болды немесе 0,8 пайызға қысқарды. Ағынды сулардың құйылу көлемі өткен жылдардың деңгейінде қалды. Облыста өнеркәсіп және қатты тұрмыстық қалдықтардың жиналып қалуы сияқты басты экологиялық проблема туындап отыр. Бүгінгі танда облыста осындай 7,0 миллион тонна қалдық жиналған. Жыл сайын бұл көрсеткіш орташа есеппен 100 мың тоннаға өсіп отырады. Коммуналдық қалдықтарды жинауды жүйелі жолға қою үшін 521 полигон жұмыс істеуі тиіс болса, бүгінгі күні тиісті құжаттамалары бар осындай 14 полигон ғана бар. Қоршаған ортаны ластағаны үшін экологиялық төлемдері облыс бюджетіне жыл өткен сайын қомақты қаржы болып құйылуда. Егер 2000 жылы мұндай төлемдер барлығы 122,2 миллион теңгені құраса, 2009 жылы 999,1 миллион теңге жеткен. Яғни, 8,2 есе өсіп отыр. Тек 2010 жылдың өткен тоғыз айында ған бюджетке осыдан 780,2 миллион теңге түскен. Яғни, жыл аяғына дейін оның мөлшері 1 миллиард теңгеден асып түседі деген болжам бар. Табиғат қоршау шараларын республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырудың арқасында жылдар бойы қордаланып қалған экологиялық проблемалар біртінде шешім тауып келеді. Бұған кәсіпорындар да өз жеке қаржыларын бағыттауда. Осының нәтижесінде қатты тұрмыстық қалдықтар бей-берекет төгіліп келген кездейсоқ қоқыстар тазаланып, облыстың көптеген су көздеріне санитарлық рейдтер жүргізілді. Канализациялық желілерді күрделі жөндеу жүргізу жұмыстары қолға алынып,елді мекендерге жасыл белдеулер жасалуда. Жана шаң тазартқыш қондырғылар орнату да шешімін тапты. Ақмола филиалының экологиялық инспекторлары биылғы жылдың өткен тоғыз айында 610 тексеріс жүгізді. Бұл тексерістер атмосфералық ауаны, су көздері ресурстары мен қазба байлықтарын жер телімдерін қорғау, радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өндірістік қалдықтардың алды алу мақсатында жүргізілді. Тексерістер барысында табиғат қорғау заңдылығын бұзушылықтың 485 оқиғасы анықталды. Өткен жылдың дәл осындай кезеңінде 400 заң бұзушылық көзделсе, биылғы көрсеткіш одан асып отырғандығын байқаймыз. Аппарат кеңесінде облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Владимир Фелбелт өз саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.Облыс бойынша 2010 жылы бірқатар ірі жобалар қолға алынып, бекітілді. Олардың ішінде Аршалы ауданындағы Жібек Жолы ауылының жобасы, Целиноград ауданындағы Қызылсуат, Шұбар және Малотимофеевка елді мекендерінің бас жоспарлары, Бурабай ауданындағы әкімшілік аумағының даму жоспары бар. Тағы бір топ жобалар аяқталуға жақын. 2010 жылдың өткен тоғыз айында облыста жалпы көлемі 68194 шаршы метр 450 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Есепті кезең ішінде Ақмола облысы сәулет-қала құрылысы кеңесінің бес мәжілісі өткізілді. Оларды Көкшетау қаласының кескін-келбетін жақсарту, тұғын үй құрылысын оңтайлы жобалау, тағы басқа кезек күтпейтін мәселелер талқыланды. Облыста барлық елді мекендердегі көше атауларына мониторинг жүгізу қолға алынды. Облыс әкімдігінің қаулысымен басқарма елді мекендерде сыртқы жарнамаларды орналастыруға рұқсат беру жөнінде де уәкілетті орган болып табылады. Өткен тоғыз айда осындай 154 рұқсат берілген. Жарнама есебінен жергілікті бюджетке барлығы 41 494 611 мың теңге қаржы түскен болса, соның 29 929 206 теңгесі Көкшетау қаласынан түскенін айта кету керек. Облыс әкімі Сергей Дьяченко аппарат кеңесінде талқыланған мәселелер бойынша өз көзқарасы мен ой-пікірлерін білдіріп,тиісті орындарға міндеттер жүктелді. Облыс әкімінің баспасөз қызметі