Облыс әкімі Сергей Дьяченко Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінде болып, осы орта арнаулы оқу орнының жаңадан пайдалануға берілген қосымша ғимаратының салтанатты жағдайда ашылу рәсіміне қатысты.Облыс әкімі Сергей Дьяченко қаланың шетінде орналасқан бұл қазақ педагогикалық колледжінің жанынан салынып жатқан қосымша құрылыстың жай-жапсырымен өткен тамыз айының басында танысқан еді. Сол жылы ол «Жол картасы»шеңберінде өткізілген тендерді женіп алған бас мердігерге құрылысты жоғары сапамен салуды тапсырған болатын. Кеше өңір басшысы осы оқу орнында тағы бір мәрте болып, құрылысы аяқталған жаңа ғимаратты аралап көрді. Сөйтіп, оқу аудиториялары мен кітапханаға берілген бұл ғимараттың салтанатты жағдайда ашылу рәсіміне қатысып, ұстаздар мен оқушыларды осы айтулы оқиғамен құттықтады.Сонымен бірге, облыс әкімі Сергей Дьяченко осында оқитын жастардың жатақханадағы тұрмыстарына қанығып, бірқатар мәселелрге мән берді. Соның ішінде тұрғын бөлмелердегі жарыққа және жатақхана холдарының тиісті жиhаздармен жабдықталуына көңіл бөліп, қажетті шаралар қолдану керектігін атап өтті. Сондай-ақ, колледждің аумағы мен «Бурабай» шағын ауданының екі ортасындағы төбені көкейту жөнінде міндеттер жүктеді.Бұл күні облыс әкімі Сергей Дьяченко 90-ыншы жылдары салынған «Аққу» мектеп-бақшасын да аралап көрді. Оның барысында мектеп жасына дейінгі балалар мекемесінің материалдық-техникалық базасының ойдағыдай екендігі, бүлдіршіндердің мұнда мектепке жақсы дайындықпен баратындығы атап көрсетілді. Облыс әкімі өз сөзінде Көкшетау қаласында биыл жаңа бала бақшаларының іске қосылуымен бүлдіршіндердің мектеп жасына дейінгі мекемелермен қамтылуы 58 пайызға көтерілетіндігін соңғы уақыттағы игі нышанның бірі ретінде ауызға алды. Бұл көрсеткіш облыс бойынша да өсіп отырғандығы қуанарлық жай. Облыс әкімінің баспасөз қызметі