13 қараша күні облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен Целиноград ауданының «Родина Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өткізілген жұмыс кеңесі облыста мал шаруашылығы саласын одан әрі дамытып, өркендетудің өзекті мәселелеріне арналды.
Алқалы жиынға аудандардың және Көкшетау, Степногорск қалаларының әкімдері, облыстық басқармалар мен ведомстволардың жетекшілері, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің және ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, бір сөзбен айтқанда, осы саланың басы-қасында жүрген мамандардың төрт көзі түгел қатысты десек болады.
Осынау алқалы жиынның осы шаруашылықта ұйымдастырылуы кездейсоқтық емес. Білікті басшы Иван Сауэр тізгінін ұстап отырған «Родина Агрофирма» ЖШС-і ұжымының қол жеткен жетістіктері аудан ғана емес, облыс, қала берді республикамызға кеңінен белгілі десек, артық айтқандық емес. Жиын басталар алдында топ-топқа бөлінген меймандар облыс әкімінің басшылығымен шаруашылықтың бірқатар маңызды деген өндірістік және мәдени-әлеуметтік нысандарын аралап көрді. Олар серіктестіктің орталық қырманында, машина-трактор шеберханасында, автопаркте, тауарлы-сүт фермасында, орталық қоныстағы емхана мен Ардагерлер үйінде, орта мектепте болып, тұрғындардың еңбек және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларымен танысты. Серіктестік басшысы Иван Сауэр облыс әкімін шаруашылықтың қол жеткен жетістіктерімен жан-жақты таныстырып, алда тұрған ауқымды жоспарлар тұрғысында әңгімелеп берді.
Сөз жоқ, «Родина Агрофирмасының» қол жеткен жетістіктері мен алған асулары көңіл тоғайтарлық. Приозерный ауылының сыртқы келбетінің өзі көз тартарлық. Әр үй, әр көшеден тазалықтың лебі еседі. Қайың мен қарағайы, шыршасы мен емені, басқа да тал теректер елді мекенге өзгеше бір рең беріп тұр. Осынау көрініске облыс басшысының өзі сүйсініп, ризашылық білдіріп отырды. «Жақсыдан үйрен» дегендей, облыс өңірінің әр тарапынан келген меймандардың да жақсы істі жадына тоқи түскендері анық еді.
Серіктестіктің маңызды нысандарына жасалған кішігірім саяхаттан соң Мәдениет үйінде облыстық кеңес өз жұмысын бастады.
–Мал шаруашылығы – мемлекетіміздің ауыл шаруашылығының маңызды құрамдас бөлігі. Оның дамуы экономикамызбен тікелей байланысты. Мал шаруашылығын көтеру – ауылды көтеру деп түсінгеніміз жөн. Бүгінде бұл маңызды салаға Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айрықша көңіл бөліп отыр. Бүгін біз сіздерді осы араға кездейсоқ жинап отырған жоқпыз. Серіктестіктің серпінді істерімен жаңа ғана жан-жақты таныстыңыздар. Енді осыдан нәтижелі қорытынды шығару сіздердің өз қолдарыңызда, – деп жиынды кіріспе сөзбен ашқан облыс басшысы облысымызда мал шаруашылығын дамытуға қолайлы мүмкіндіктердің мол екендігін тілге тиек етті. Алайда, кейінгі жылдардағы көрсеткіштердің көңіл көншітпейтіндігін де жасырмады. Сондықтан, осынау жиын барысында қателік жіберген тұстарымызды тағы бір екшеп, маңызды саланы дамытудың тиімді жолдарын қарастырып, нақтылы шешімдер қабылдауымыз керек деп атап көрсетті ол.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров облыстағы мал шаруашылығы саласының бүгіні мен келешегінің жай-жапсары туралы баяндама жасады.
Баяндамада айтылғандай, облыста бұл саланы дамытуға бағытталған негізгі шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, түлікті төлден көбейту, етті-сүтті бағыттағы малдарды асылдандыру, мал бордақылайтын кешенді фермалардың құрылысын жүргізу, сапалы мал азығын дайындауға көңіл бөлу. Мұның бәрі дұрыс-ақ. Бірақ, мәліметтерге сүйенсек, кейінгі жылдары облыста жалпы мал басы мен оның өнімі жеке меншік аулалардың есебінен өндірілуде. Олардың үлес салмағы 90 пайызды құрап отыр. Алайда осыған қарап, шаруа-шылықтардың мүмкіндіктері шектелді деп айтуға да болмас. Мәселен, жеке бағымда жаңа, жоғары өнімді технологияларды пайдалану, малды қажетті мөлшерде азықтандыру мүмкін емес. Сондықтан, болашақта осы істің ірі тауар өндірушілердің қолына өткендігі әлдеқайда тиімді.
Осы орайда, ірі қараны асылдандыру тұрғысында ауқымды іс атқарып отырған бірқатар шаруашылықтарды атап өткен жөн. Мәселен, Бұланды ауданындағы «Новобратское», Атбасар ауданындағы «Бастау», Сандықтау ауданындағы «Свободное» серіктестіктерінің ілкімді істері ауыз толтырып айтарлықтай. Олардың қатарында әрине, Целиноград ауданындағы «Родина Агрофирмасы» да бар.
Мал тұқымы азбасын десек, мал басын сауықтандыру ісіне де баса ден қою қажет. Ол үшін мал дәрігерлік – санитарлық жағдайдың барысын да қадағалап отырған жөн. Баяндамашының сөзінен аңғарғанымыз, бұл орайда да шешімін табарлық мәселелер баршылық екен. Ауыл-селоларда мал дәрігер мамандары тапшы, облыс бойынша арнайы лицензиямен жұмыс істейтін 168 маманның ауыл-селоларда мал дәрігерлік сауықтыру шараларын толық ауқымда жүзеге асыра алмайтындығы аян. Қазіргі таңда мал дәрігері мамандығына жастардың да құлшынысы жоқ. Бұл әрине, алаңдарлық жай.
Келелі кеңесте сөз алған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешенінің Ақмола облысы бойынша аймақтық инспекциясының бастығы Жомарт Нүркенов, Ақкөл ауданының әкімі Асқарбек Үйсінбаев, «Родина Агрофирмасы» ЖШС-нің бас директоры Иван Сауэр, Зеренді ауданындағы «Milk Proiekt» ЖШС-нің директоры Валерий Маначинский, «Мал шаруашылығы және мал дәрігерлік ғылыми-иннова-циялық орталықтығы» ЖШС-нің Бас директоры, «Асыл түлік» республикалық мал өнімдерін өндіру басқармасының төрағасы Айбын Төреханов, Атбасар ауданындағы «Бастау» серіктестігінің директоры Темірхан Мұқышев, Ақмола облысы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің директоры Қасымжан Тәшметов өз салалары бойынша ой-пікірлерін білдіріп, тың жобаларды ортаға салды.
Мәселен, олардың біразы тек ірі қара өсірумен шектелмей, басқа да түліктерді өсіруге ден қою керектігін алға тартты. Сондай-ақ, сапалы мал азығын дайындау, жайылымдық жерлерді кеңейту мәселелері де сөз болды. «Сиырдың сүті –тілінде» дегендей, бұл орайда сапалы мал азығының берік қорын жасау маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда, Валерий Маначинский қазір жүгері сүрлемінің өте қат азық болып отырғандығын тілге тиек етті. Сонау кеңестік дәуірде тонналап әзірленетін жүгері сүрлемі бұл күнде көзден бұл-бұл ұшқан. Ал бұл мал азығының ірі қара үшін құнарлылығы жайлы айтып жату артық.
Кеңеске жиналғандар айтылған ой-пікірлерді сараптай келе, осы сала бойынша бірқатар шараларды жүзеге асыру туралы нақтылы шешімдер қабылдады. Оның ең бастысы – алдағы тұрған мал қыстату науқанын ойдағыдай өткізу, дайындалған мал азығын тиімді пайдаланып, қолда бар түлікті қыстан шығынсыз алып шығу. Мал азығының берік қорын жасау мақсатында сапалы және түрлі жем-азық өндіру ісін жолға қою, сондай-ақ, ет дайындау пункттерін, оның ішінде ауылдық тұтынушылар кооперативінің жұмыстарын жандандыру жайы қаперге алынды.
Келелі кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Сергей Дьяченко осынау жиынның мән-маңызына тоқтала келе, онда қозғалған мәселелерді оң шешудің жолдарын қарастырып, айтылған сын-ескертпелерден қорытынды шығару керектігін баса айтты.
–Ырыздықты малдан іздейік, ағайын, мал табыс көзі. Сондықтан, аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы басқармалары мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына осы саланы өрге бастыру ісінде тың міндеттер жүктеледі. Барлық жүктелген міндеттер қағаз жүзінде қалмасын, оны орындау – тиімді атқарылған жұмыстардың көрсеткіші болмақ, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Одан әрі облыс басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқталып, жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар, алда тұрған келелі міндеттер жайында қыс-қаша баяндап берді. Алдағы жылы тойланғалы тұрған ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына әзірліктің барысы да сөз болды. Облыс басшысы бұл орайда торқалы тойға бас-ты тарту толайым табыспен қоса, елді мекендердің тазалығы мен сәулеті екендігін баса айтты. Бұған нақты мысал – бүгін өздері көріп, көз жеткізген Приозерный елді мекенінің көрікті келбеті екендігін тағы бір қаперге салды.
Жиын соңында облыс әкімі С.А.Дьяченко облыстық тазалық пен көгалдандыру жұмыстарының қорытынды нәтижелері бойынша озып шыққан елді мекендерді арнайы аталымдар бойынша марапаттады.
Ең үздік ауылдық округ аталымы бойынша бірінші орынды Целиноград ауданына қарасты осы Приозерный ауылы жеңіп алды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі, облыстық «Арқа ажары» газетінің ақпараттары негізінде