Облыс әкімі Сергей Дьяченко демалыс күндері кезекті жұмыс сапарымен Бурабай және Шортанды аудандарында болып, Щучинск-Бурабай курорты аймағын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында салынып жатқан бірқатар нысандардың құрылысымен, мәдениет және спорт мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайымен танысты.
Атап айтқанда, облыс әкімі С.А.Дьяченко Щучинск қаласының маңында құрылысы жүргізіліп жатқан тау-шаңғы базасында, одан кейін Шортан көлінің жағасында салынып жатқан осы заманғы отельде болды. Сондай-ақ, Щучинск қаласын айналып өтетін жолдың құрылысы қалай жүргізіліп жатқандығына баса назар аударды. Одан әрі осы қаладағы қазақ орта мектебін аралап көрген облыс әкімі мұнда оқушыларға білім мен тәрбие берудің жай-жапсырына жете көңіл бөлді. Кейінгі кезде осы оқу орнын кеңейту жөнінде облыс басшысының атына өтініш хаттар келіп түсуде. Осы мәселені жергілікті жерде қарастыруды жөн көрген Сергей Дьяченко интернатта тұрып жатқан оқушылардың тұрмыстық жағдайларын да назардан тыс қалдырмады.
Сол күні облыс әкімі С.Дьяченко Шортанды ауданының орталығында өзінің сыныптасы Андрей Ерзиковтың жаңа музыкалық дискісінің шығуына арналған жеке концертіне қатысты. Облыс әкімі сонымен қатар, Шортанды кентіндегі №1 орта мектепте өзімен бірге оқыған және осы оқу орнын 1969 жылы барлығы бірге бітірген басқа сыныптарымен де қуана жүздесті.
Осы сапар барысында Сергей Дьяченко аудандық мәдениет үйінің, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің материалдық-техникалық базасымен жете танысып, қайта жаңартылған және жаңадан салынған стадион мен атшабарда болды, сөйтіп, осы мекемелердің ұжымдарымен кездесіп, ой-пікірлеріне құлақ түрді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі