24 қараша күні Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының төрағасы, облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен облыстық Ассамблеясының ХIII сессиясы болып өтті. Ассамблея сессиясында «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясында белгілеген міндеттерін жүзеге асырудағы Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының іс әрекеті» туралы мәселе қаралып, пікір алмасылды.
Елімізде ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтау арқылы барша қазақстандықтарды асқақ мұраттарға жетелеп, жарқын істерге үндеген бұл беделді ұйым өзінің өміршендігін аңғартты,-деп атап көрсетті Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясында сөйлеген сөзінде облыс әкімі Сергей Дьяченко. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясаты арқасында біздің елімізде тұрып жатқан ұлттар арасында бірлік пен ынтымақ нығая түсіп, мемлекетіміздің ұлттық саясаты да жаңа қырынан көрінгенін айтуымыз керек. Ұлттық бірлік доктринасы осы салиқалы саясатты жүзеге асырудың аса маңызды бағдарламалық құжаты болып табылады.
Облыс әкімі Ассамблеяның сессиясында сөйлеген сөзінде өңіріміздегі экономикалық жағдайға да баға берді. Әр саладағы өркенді істер жайлы айта келіп, қазіргі экономиканы индустрияландыру бағытындағы атқарылған іс-шараларды ауызға алды. Осының бәрі біздің бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында қол жеткен табыстары болып табылады.
Сессия барысында Қазақстан халқы Ақмола Ассмаблеясының құрамына өзгертулер енгізілді. Сонымен бірге, күн тәртібіндегі мәселе бойынша Жанайдар Мусин атындағы педагогика колледжінің студенті Елена Гаркава, облыстық Ассамблеяның балалар және жастар ұйымдары ассоциациясы төрағасының орынбасары Равиль Раисов, Жақсы ауданындағы «Өрлеу» мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Леонид Гейленгер, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы ғылыми талдау орталығының мүшесі, Көкшетау қаласындағы №5 «Таңдау» көп салалы гимназияның мұғалімі Әлия Ахетова, Ақмола Ассамблеясы ғылыми талдау орталығының төрайымы Нина Митчинова сөз сөйледі.
Сессия соңында Ақмола облысы тұрғындарына Үндеу қабылданды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі