26 қараша күні облыс әкімі Сергей Дьяченко жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, салынып жатқан кірпіш және цемент зауыттарының құрылысымен танысты, бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандарды аралап көріп, жергілікті басшыларға Астанаға жақын орналасқан елді мекендерді абаттандырып,көркейтуде жаңа міндеттер жүктеді.
Астананың төңірегінде орналасқан елді мекендерді дамытуға бүгінгі таңда ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Осы ауыл-селоларда тұрып жатқан тұрғындар үшін қажетті тұрмыстық жағдайлар жасауға қолда бар қаржы мен мүмкіндіктердің бәрі жұмылдырылуы керек. Бұл ретте, әңгіме алдымен мектептердің, бала бақшаларының, қоғамдық моншалардың құрылысы туралы, халыққа қызмет көрсетуді жақсарту жайлы болып отыр. Облыс әкімі С.Дьяченко өзінің Целиноград ауданына жұмыс сапары кезінде жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерін осы тұрғыдан айқындады.
Қоянды ауылында өңір басшысы 80-ші жылдардың басында салынып, қазір орынның жетіспеушілігінен балалар үш ауысыммен оқитын жергілікті мектептің жағдайымен танысты. Сонымен қатар, жеке меншік бала бақшаны, сумен жабдықтау нысандарын аралап көріп, тұрғындармен жүздесіп, әңгімелесті, өзі көріп байқаған мәселелер бойынша селолық округ әкіміне нақты тапсырмалар берді.
Софиевка селолық округінде облыс әкімі С. Дьяченко кірпіш және цемент заводының құрылыстарында қалыптасқан жағдайға қанықты. Цемент заводын салып жатқан бас мердігерлер құрылысты аяқтау үшін бүгінгі таңда банк және қаржы құрылымдарымен келіссөздер жүргізіліп жатқандығын алға тартты. Жоғары сапалы цемент шығаруға мүмкіндіктер беретін қажетті құрал-жабдықтар қазірдің өзінде осында жеткізулі тұр.
Облыс әкімі С. Дьяченко сапар барысында сонымен бірге, Софиевка селосының әлеуметтік жағдайымен де танысып, жергілікті дәрігерлік амбулаторияда, орта мектепте болды, тұрғындармен сөйлесті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі