29 қараша күні облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткен кеңесте 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік серпінді индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру шеңберіндегі облысымызда атқарылған жұмыстар, іске қосылған жобалар мен алдағы жылда атқарылатын шаруалар пысықталды. Кеңеске Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Серік Аяғанов пен Мәжіліс депутаты Валерий Котович қатысты. Облысымызда биылғы жылдың екінші жартысында аталған бағдарлама шенберінде 11 инвестициялық жобаларды іске қосудың жалпы құны 11,4 миллиард теңге жоспарланып отыр. Еліміздің және облысымыздың индустриалдық картасына енгізілген осы аталаған инвестициялық жобаларды іске қосу өнеркәсіп саласының облыс экономикасындағы үлес салмағын арттыруға жағдай жасайтыны қазірдің өзінде анық байқалып отыр. Бүгінгі күнге дейін облысымыздың өнеркәсіп саласының кәсіпорындары 140 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 39 миллиард теңгеге артық екендігі байқалып отыр. Облыс басшысы барлық жобалардың белгіленген мерзімде іске қосылуына қатаң назар аударылуы қажеттігін ескертті. Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Сергей Дьяченко тиісті органдарға биылғы жылдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарланған 11 жобаны белгіленген мерзімде пайдалануға беруді және алдағы жылы қолға алынатын жаңа инвестициялық жобаларды айқындауды тапсырды.