1 желтоқсан күні ҚР Индустрия және жаңа технологиялар Министрлігінің вице-министрі Берік Қамалиевтың төрағалығымен бейнеконференция жүйесі тәртібінде республикалық мәжіліс өтті. Мәжілісте мемлекеттік серпінді индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының орындалу барысын насихаттау жөнінде мәселе қаралды.
ҚР Индустрия және жаңа технологиялар Министрлігінің вице-министрі Берік Қамалиевтың айтуынша, еліміздің сегіз аймағына – Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс-Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Оңтүстік-Қазақстан облыстарына – аталған Бағдарламаны насихаттау мақсатымен қазақ эстрадасының жұлдыздары, орталық және өңірлік БАҚ қызметкерлерінен құралған арнайы топтар шықпақ.
Іс-шараны жүргізу үшін 3 насихаттау тобы құрылған. Топ мүшелері серпінді индустриалдық-инновациялық даму жобалары орындалып жатқан нысандарда болып, жұмысшылармен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап беріп, концерттік бағдарламалар көрсетпек. Кездесулер барысында фото және телебейнелер түсіріледі. Бұл іс-шара 3 желтоқсан күні Алматы қаласынан басталады.
Ақмола облысына насихаттау тобының бірі ағымдағы жылдың 7 желтоқсанында келмек. Насихаттаушылар Алтынтау КБК, «Көкшетау минералды сулары» АҚ, «Тыныс» АҚ және «Енки» ЖШС-де болады.
Бұл ақпараттық насихаттау науқанының қорытындысы 21 желтоқсан күні Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен шығарылады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі