Облыс әкімі Сергей Дьченконың төрағалығымен өткізілген сәулет және қала құрылысы кеңесінің кезекті мәжілісінде облыс орталығы Көкшетау қаласын, бірқатар аудан орталығы мен кенттерді нақты жоспарлау жобалары мен жаңа құрылыстар салу мәселелері қаралып, елді мекендерді абаттандырудың жай-жапсары пысықталды.
Облыс әкімінің жетекшілігімен кеңес мүшелері Бурабай кенті мен Жақсы ауданының орталығы Жақсы селосының нақтыланған сәулет жобасын мақұлдады. Көкшетау қаласының орталық базары мен оған іргелес аумақтардың осындай жобалары қызу пікір талас туғызып, жоба қайта толықтыруға жіберілді. Облыс басшысы базар аумағында автокөліктер тұратын орынды кеңейту қажеттігіне баса назар аударды. Сондай-ақ, аға ұрпақ өкілдері құрмет тұтатын Кеңестер Одағының Батыры П.Осипенконың ескерткішін басқа орынға ауыстырудың жөнсіз екендігі атап көрсетілді.
Таяудағы жылдарда облыс орталығынан салынатын Достық үйі, яхта клубы және теннис орталығы құрылыстары да жиналғандар тарапынан үлкен қызығушылық туғызды. Бұл жаңа ғимараттар Қопа көлінің жағалауынан, «Аққу» балалар бақшасы мен қан орталығы ауданында бой көтермекші. Сонымен бірге, қала және облыс сәулетшілері ұсынған Көкшетау қаласына Астана, Зеренді, Петропавл жағынан кіретін жолға Қылшақты өзенінің үстінен көпір салу жобасы және Абылай хан ескерткішінің жанындағы субұрқақты абаттандыру, тағы да басқа мәселелер де талқыланды. Ол жобалардың бірі мақұлдаса, бірі қайта қарап, толықтыруға жіберілді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі