Кеше облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар мәселелер қаралып, талқыланды.
Аппарат мәжілісі облыс әкімі Сергей Дьяченконың «Көкшетау жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Тәшмағамбет Қасеновке Қазақстан Республикасының Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы істері жөніндегі агенттігі төрағасы атынан «Қазақстанның құрметті құрылысшысы»төсбелгісін тапсырумен басталды.
Бұдан кейін аппарат кеңесінде облыс әкімі аппаратының өндірістік саланы талдау бөлімінің меңгерушісі Мұрат Көпенов мемлекеттік қызметшінің антын қабылдады.
Одан әрі облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы Қуаныш Мұқажанов осы басқарманың он бір айда атқарған жұмысы жайлы есеп берді. Осы орайда, бұл мекеменің негізгі міндеті құрылыс саласында заңдылықтың және тағы басқа да нормативтік-құқықтық актілер нормаларының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру болып табылады. Есепті кезең ішінде осы мақсатта 328 жоспарлы және жоспардан тыс тексерістен өткізілген. Сөйтіп, орын алған кемшіліктерді жою жөніндегі тиісті жерлерге 150 ескерту қағазы берілген. Жалпы алғанда, құрылыс саласында жол берген оқылықтары үшін 259 субъекті әкімшіліктік жауапкершілікке тартылып, оларға 13,8 миллион теңге айыппұл салынғандығы айтылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,3, есе көп.
Сонымен бірге, басқарма есепті кезең ішінде заңды және жеке тұлғаларға құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге 549 мәрте рұқсат берген. Мұның сыртында осы мақсатта берілген 79 лицензия тағы бар. Сондай-ақ,33 өтінім иесіне мұндай лицензияларды бермеу жөнінде шешім шығарылса, тағы 17 лицензия құрылыс ұйымдарынан қайтарылып алынған.
Өткен жылдағыдай мемлекет есебінен жүргізілетін құрылыс нысандарының сапасына ерекше көңіл бөлінуде. «Жол картасы» шеңберінде жоспардан тыс бірнеше тексерулер жүргізіліп,12 қабатты үйдің құрылысы бақылауға алынған. Мұнда да бәрі бірдей дұрыс болмай шығып, кінәлілерге 23 ескерту қағазы жолдағандығы және 1,3 миллион теңгенің айыппұл салынғандығы қоса мәлім етілді.
Басқармамен әсіресе,үлестік құрылысқа ерекше мән беріледі. Айталық, қазір 1735 үлескердің қаржысын бір мақсатқа шоғырландыру арқылы Қосшы ауылында «Лесная поляна» тұрғын үй кешені салынып жатыр. Соған орай, осы құрылыста облыс әкімінің орынбасары Қ.Қ.Айтмұхаметовтің жетекшілігімен айына екі рет кеңес өткізіліп, оған «Альянсстройинвест» серіктестігінің өкілдері мен басқа да мүдделі тұлғалар қатысады. Бейсенбіден бастап сенбіге дейін апта сайын құрылыстың қарқыны мен сапасына бақылау жасалып, үлескерлерді жеке мәселелерімен қабылдау жүзеге асырылады. Осылайша 159 арыз-шағымды қараған басқарма қызметкерлері бұл үйлердің сапалы салынуын әрі мерзімінде пайдалануға берілуін барынша қадағалаумен келеді.
Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті Ақмола облысы бойынша департаментінің бастығы Нұрхан Нәзірованың осы аппарат кеңесінде берген есебі де бар жағдайды бүкпесіз ортаға салуымен ерекшеленді. Департамент 2009 жылдың қараша айынан жұмыс істейді және аты да айтып тұрғанындай, медицина саласындағы қызметті, медицина қызметкерлеріне лицензия беруді, оларды аккредитациядан өткізуді және аттестаттауды бақылайды.
Өткен он бір айдың ішінде заңды және жеке тұлғалардан 82 арыз-шағым түссе, оның 78-і қаралған. Соның 69-ында жұрт медициналық қызметтің сапасының нашар болуына шағымданады. Алайда, тексере келгенде осы фактілердің 38-і ғана дәлелденіп, қалғадарында жағдай қисынға келмейтін болып шықты. 2010 жылдың он айында 811 мүрдеге сараптама жасалды.
Бұл үшін Астана қаласынан да тәуелсіз сарапшылар шақырылды. Есепті кезеңде бір жасқа дейінгі 155 бала шетінесе, олардың 72-сі қалалық, ал, 83-і ауылдық жерлердегі сәбилер болып табылады. Мұның өзі бір облыс үшін көп екендігі айтпасақ да түсінікті.
Осы күні әсіресе, дәріханаларда сатылатын дәрілерге жұрттың бәрі бірдей толық сене бермейді. Өйткені, теледидардан да айтылып қалатынындай, Ресейдегі дәрі-дәрмектің өзі белгілі бір мөлшерде қолдан жасалған жасанды дәрілер екендігі жасырын емес. Ал, Қазақстанға осы дәрілердің көбі аталған елден келетіндігі тағы мәлім. Сондықтан, фармацевтикалық қызметке қатаң бақылау орнатпай, бұл орайдағы істің алға басуы неғайбыл. Осыны ескере отырып, басқарма биылдай 239 дәріхананы,66 дәріхана пунктін, 42 дәріхана киоскін және 34 дәрі-дәрмек қоймасын тексерістен өткізген. Әрине, осының барысында туындаған әртүрлі мәселелер бар. Жалпы алғанда, басқарма медицина саласындағы кез келген келеңсіз көрініспен батыл күресіп келеді.
Аппарат кеңесінде екі мәселе бойынша да облыс әкімі Сергей Дьяченко басқарма басшыларына одан әрі нақты жағдайға бойлай түсу үшін қосымша сауалдар қойып, тиісті таспырмалар берді. Осыған байыппен көз жүгіртіп,олқы тұстарды түзей түсу жалпы қос салада да істің барысына оң ықпал етері айқын. Тек бұл үшін одан әрі де тиянақты жұмыс, ортақ іске деген зор жауапкершілік керек.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі