15 желтоқсан күні облыс әкімі Сергей Дьяченко бірқатар жаңа жобалардың алғашқыларын іске қосу және жаңадан пайдалануға берілген бала бақшалардың ашылу салтанаттарына қатысты. Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Көкшетау қаласында өткен бұл игі шаралар еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсарып, нығайып келе жатқандығын айғақтайды.
Облыс басшысы С.А.Дьяченко ең алдымен «Тыныс» акционерлік қоғамында болып, жаңадан іске қосылған полиэтилен құбырларын шығаратын желінің ашылу салтанатына қатысты.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко «Агример-Астық» ЖШС-нің де жаңадан қосылған диірмен кешенінің көк лентасын қиып, серіктестік ұжымын Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.Бұдан кейін өңір басшысы цехтарды аралап көріп, осындағы еңбеккерлермен емін-еркін әңгімелесті. Оларға Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық салада қол жеткізген жетістіктері жөңінде айтып берді. Бұдан соң өз қолымен жаңа диірменді іске қосты.
Бұдан кейін облыс әкімі С.А.Дьяченко «Еркемай» мектепке дейінгі білім беру мекемесінде, «Айша» және «Смешарики» бала бақшаларының ашылу салтанаттарына қатысты.
Әрбір бала бақшаның ашылу салтанатында бүлдіршіндер ән шашуын шашып, балғын тәтті тілдермен азат елдің ұлы мерекесі Тәуелсіздік күнін алаңсыз, жарқын жүздерімен жырға қосты. Болашаққа бет алған риясыз сәби көңілдерге сенім артқан облыс әкімі С.Дьяченко бақытты балалық шақ тілей келе, «Еркемайға» компьютер, «Смешарикқа» телидидар сыйға тарттса, «Айша» бала бақшасына компьютерлік сыныппен қамтамасыз етті.
Осы күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің он тоғыз жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтіп, бұл шарада облыс әкімі Сергей Дьяченко ел тәуелсіздігінің тарихи маңызы жайлы баяндама жасап, табыстарымыз бен алдағы міндеттеріміз жайлы айтып берді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бір топ ақмолалықтар мемлекеттік наградаларға ие болды. Елбасының атынан салтанатты жиналыста облыс әкімі Сергей Дьяченко осы наградаларды табыс етті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі