Облыс әкімі Сергей Дьяченко демалыс күндері облыс орталығының жаңа жыл мерекесіне дайындығы барысымен танысып, орталық алаңда, бірқатар мәдениет және спорт-көңіл көтеру орындарында болды және мерекені ойдағыдай өткізу жайын пысықтады.
Облыс басшысы қала көшелері мен алаңдарды жаңа жыл қарсаңындағы мерекелік безендіру жайына көңіл бөліп, мұз қалашығын көрді және жалпы мерекеге сай безендіру барысына назар аударды. Ең бастысы, мереке күндері қала тұрғындарының, балалардың дұрыс демалып, уақыттарын көңілді өткізулері үшін барлық жағдай жасалуы қажеттігін және мерекеге сай безендірілген облыс орталығының бейнесі қала тұрғындарының да, сырттан келген қонақтардың да көңілінен шығатындай болуы керектігін ескертті.
Облыс әкімі қаланы жаңа жылдық мерекені өткізуге дайындау барысын жан-жақты қарап, танысқаннан кейін «Көкшетау» мәдениет сарайы, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы облыстық филиалының ғимараты мен «Мақтай тауы» аумағындағы тұрғын үйлердің безендірілуіне оң бағасын берді.
Облыс басшысы, сондай-ақ, жаңа жыл мерекесін барлық аудандар мен қалаларда жоғары деңгейде ұйымшылдықпен өткізу қажеттігін атап өтті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі