Облыс әкіміне жұмыстың жай-жапсары жөнінде облыс прокуроры Болат Абдулов кеңінен түсінік берді. Қазір облыстық прокуратура мен Бас прокуратураның құқықтық статистика басқармасы бір ғимаратта орналасқан. Қызметкерлердің еңбек етіуіне және азаматтарды қабылдауға қажетті жағдайлар туғызу үшін қолдан келгеннің бәрі істелуде. Соның айғағындай, қазір бірінші қабатта және мәжіліс залында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.Облыстық және қалалық прокуратуралардың бүгінгі тыныс-тіршілігін өз ой елегінен өткізе келе, облыс әкімі Сергей Дьяченко қызметкерлердің өздерінің тікелей міндеттерін неғұрлым сапалы орындаулары үшін мұндағы жұмыс жағдайларын одан әрі жақсарту қажеттігін айтты.
Облыс тұрғындары прокуратура органдарына қандай мәселелермен көбірек келетіндігін сұрастырып білген С.А.Дьяченко азаматтардың құқығын сақтау, кез келген заң бұзушылыққа тосқауыл қойып, әділетсіздікке жол бермеу сияқты мәселелердің бүгінгі таңда қоғамымызда өте өткір тұрғандығын, сондықтан, осындай жайларды дұрыстап жолға қоюда прокурорларға жүктелер міндеттің зор екендігін ерекше атап өтті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі