13 қаңтар күні, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Сергей Дьяченко Егіндікөл аудандық филиалының сегізінші есеп беру конференциясына қатысып, сөз сөйледі.
Конференция басталмас бұрын облыс басшысы Егіндікөл ауданының орталығындағы №2 орта мектепте болды. Өткен жазда күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген мектеп қазіргі заман талабына сай жабдықталған. Жылы да жайлы кабинеттері көз тартады. Ал, спорт залында жуынатын орын да бар. Облыс әкімі содан кейін жаңадан салынып, пайдалануға берілген 8 пәтерлі тұрғын үй мен қоғамдық моншаны көрді.
«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Сергей Дьяченко егіндікөлдіктердің атқарған істеріне қанағаттанарлық баға беріп, Елбасының сындарлы саясатын жүзеге асыруда әр деңгейдегі мәслихат депутаттары мен депутаттық фракциялар меже биігінен көрінеді деген сенім білдірді.
Келесі күні, облыс әкімі Сергей Дьяченко жұмыс сапарымен Степногорск қаласында болып, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы қалалық филиалының есеп беру-сайлау және соғыс және еңбек ардагерлері қалалық кеңесінің есеп беру-сайлау конференцияларына қатысып, сөз сөйледі. Және бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандардың жұмысымен танысты. Өңір басшысы ардагерлерге облыс бойынша атқарылған істер жайында айтып берді. Сонымен бірге Степногорск сынды ірі қаланың экономикасын өркеңдетіп, әлеуметтік мәселелерін шешу жөнінде байыпты әңгіме қозғады.
Облыс әкімі С.А. Дьяченко қаланы жылумен қамтамасыз етіп отырған жылу-электр орталығында болып, мамандармен және еңбек адамдарымен пікір алмасты. Сонымен бірге, облыс басшысы қаладағы олипиадалық резерв мектебінде болып, осындағы істің жайымен танысты. Ол қала тұрғындарының демалатын орындарын, оның ішінде конькимен сырғанайтын мұз айдынын көріп, танысты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі