«Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Сергей Дьяченконың қатысуымен 17‑18 қантар күндері партияның Есіл, Жақсы, Ерейментау және Қорғалжын аудандық филиалдарында кезекті есеп беру‑сайлау конференциялары өтті.Конференцияларда есепті мерзімде атқарылған істер туралы аудандық филиалдардың төрағалары Ибраһим Қабдығалиев пен Сұлтан Қасенов, аудандық филиалдар төрағаларының бірінші орынбасарлары Әнел Ерденова мен Сара Дүйсенбаева баяндамалар жасады. Күн тәртібіне сәйкес бақылау тексеру комиссияларының есептері тыңдалып, «Нұр Отан» ХДП 2020 жылға дейінгі Бағдарламасының жобасы талқыланды. Конференцияларда саяси кеңестердің, бюролардың, бақылау тексеру комиссияларының жаңа құрамдары мен XII-ші облыстық конференциясына делегаттар сайланды. Конференцияларда мерзімдік есептер, партияның жаңа Бағдарламасының жобасы бойынша қызу талқылаулар болды.Аталған есеп беру конференцияларында «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Сергей Дьяченко сөз сөйледі. Өз сөзінде ол партияның бастауыш және аумақтық органдарының, олардың қоғамдық құрылымдарының алдында тұрған келелі міндеттерді нақтылап атап өтті. Сонымен қатар өткен жылда Ақмола өңірінің әлеуметтік‑экономикалық жетістіктеріне тоқтап, алға қойылған мақсаттар туралы баяндап берді.Аудандарда Сергей Дьяченко бірқатар партия белсенділерін «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының құрмет грамоталарымен марапаттады. Өңір басшысының ұсынысымен Жақсы, Ерейментау және Қорғалжын аудандық партия филиалдарының төрағалары болып сол аудандардың әкімдері Ибраһим Қабдығалиев, Марат Мыңжанов пен Сұлтан Қасенов сайланды. Есіл ауданында - аудан әкімінің міндетін атқарушы Әділбек Смағұлов сайланды.Аталған аудандарда өткен есеп беру‑сайлау конференцияларында «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Шойкин да қатысты. Ерейментау аудандық партконференциясына «Нұр Отан» ХДП партиялық бақылау Комитетінің төрағасы Боран Рақымбеков пен Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Жексембай Дүйсебаев қатысып, сөз сөйледі. Облыс әкімінің баспасөз қызметі