Ағымдағы жылдың 19 қантар күні облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен қала құрылысы кеңесінің кезекті мәжілісі өтті.
Мәжілісте облыстық құрылыс басқармасының бастығы Михаил Косачев Көкшетау басындағы Достық үйі, яхт клуб, теннис орталығының құрылысы, шаңғы роллерлік жол мен шаңғы базасы және облыстық тарихи өлкетану мұражайын қалпына келтіру жұмыстары жөнінде мағлұмат берді.
Косачевтің айтуынша, алғашқы үш нысан бойынша конкурсттар жарияланған, құрылыс жұмыстары көктемде басталмақ. Өлкетану мұражайы мен шаңғы роллерлік жол және шаңғы базасын қалпына келтіру жұмыстары үстіміздегі жылдың шілде мен желтоқсан айларында аяқталады.
Қала құрылысы жөніндегі кеңестің мәжілісінде Горький, Ақан сері көшелерінде, Қан орталығы маңындағы аумақта, Абылай хан даңғылы және Даңқ Аллеясында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын өткізу туралы да мәселелер қаралды.
Жобалардың авторлары мен қала басшысы түсінік бергеніндей, бұл көшелерде жаяу жүргіншілер жүретін тротуарларға бедертас төселетін болады. Мұнымен бірге Бірлік және Жайлау шағын аудандарында сумен жабдықтау және суды әкету ағызу жүйелерін қайта жаңарту, электр қуаты берілетін желілер тарту жұмыстары атқарылатын болады. Аққу шағын ауданында инженерлік желілер іске қосылмақшы. «Бурабай» автобус аялдамасының маңайы да жаңартыла түспекші. Ауғандық жауынгерлер скверін қоса алғанда, аббаттандыру жұмыстары алты мың шаршы метрге жуық алаңда жүргізіледі. Бұл сквер қоршалып, интернационалист жауынгердің ерлігін паш ететін ескерткіш орнатылады, ағаштар отырғызылып, бедертас төселеді.Мәжілісте Қылшақты өзенінен өтетін көпірлерді безендіру, Зеренді ауданы жағынан белгі орнату, Тәуелсіздік алаңы мен Уәлиханов және Саин көшелерінің қиылысында шағын сәулет ескерткіштерін орнату мәселелері де талқыланды.
Қалалық саябақ пен орталық базар ауданын жаңарту және аббаттандырудың бірнеше жобалары ұсынылғанымен, мұқият талқыланғаннан кейін облыс әкімі бұл жобаларды қайта қарауға қайтарды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі