Ағымдағы жылдың 21 қаңтар күні облыс әкімі Сергей Дьяченко Көкшетау қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Қанапия Сәдуақасов ақсақалдың шаңырағында болып, қарт майдангерге қан майданда көрсеткен ерлігі үшін Украин Республикасының «Ерлігі үшін» орденін тапсырды. Сұрапыл соғыс жылдарында талай оқ пен оттың астында жүріп, Отан үшін зұлым жаумен қаймықпай шайқасқан Қанапия ақсақал өзіне сол бір ауыр күндерден алпыс жылдан астам уақыт өткенде Украина елінің осындай наградасы тапсырылады деп ойламаған еді. Алайда, өз жерлерін қатыгез жаудан қорғауда ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсеткен қазақ жауынгерін ұмытпаған бауырлас ел соғыс және еңбек ардагерін осы жоғары орденмен марапаттап, үлкен құрмет көрсеткен жайы бар. Қарт майдангердің шаңырағына арнайы келіп, бала-шағасы, ағайын-туыстарының көзінше осы орденді тапсырған облыс әкімі Сергей Дьяченко екі майданның еріне зор денсаулық тілеп, отбасы үрім-бұтағымен бірге одан әрі көркейе беруіне тілектестігін білдірді. Ақсақалдың дастарханына дәм татып, емен-жарқын әңгімелескен өңір басшысы қарт майдангерді облысымызда қарттарға жасалып отырған қамқорлықтың барысынан хабардар етіп, басқа да ізгі ниетін жеткізді. Облыс әкімінің баспасөз қызметі «Арқа ажары» гезетінің ақпаратынан