Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қарағанды облысының Приозерск қаласындағы жағдайға байланысты үкіметтік комиссия мүшелерінің баяндамасын тыңдады.
Приозерск қаласындағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің жылу көздерінен ажырауына байланысты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Әсет Исекешов бастаған үкіметтік комиссия құрылды және Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша апат орнында болып, ондағы жағдаймен танысты.
Комиссия есебінің қорытындысы бойынша Премьер-Министр Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметовке жылу беру жұмыстарын өз деңгейінде ұйымдастырмағаны, жылу көздерінің жұмысына бақылаудың жоқтығы және апатты жағдайды болдырмауға шаралар қолданбағаны үшін Приозерск қаласының әкімі Қайрат Смағұловты қызметінен босату туралы тапсырма берді.
Жылыту маусымын жүргізуге дайындық пен оны өткеру кезінде жіберген қателіктері және дер кезінде шара қолданбағаны үшін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Смағұловқа және облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Марат Мәдиевке қатаң сөгіс жарияланды.
Сондай-ақ, Премьер-Министр облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне қатты аяздың әлі де сақталуына байланысты жылумен қамтамасыз етуді бақылауға алуға және жылыту маусымы барысындағы олардың жеке жауапкершіліктерін естеріне салды.
Приозерскідегі жағдай мен қаланың жылумен тұрақты қамтамасыз етілуі елдің Премьер-Министрі К.Мәсімовтің тікелей бақылауында тұр.
Бұдан бұрын қыркүйек айында жылыту маусымына даярлық жұмыстарын жүргізу мәселесі бойынша өткен селекторлық кеңесте Премьер-Министр өңірлердің басшыларына жылу және энергия көздерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жұмыстарына және күзгі - қысқы маусымда апатты жағдайлардың туындауына жол бермеуге лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігі туралы ескерткен болатын.
ҚР Премьер-Министрдің баспасөз қызметі