Дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға бағытталған қаражаттың жалпы сомасы 3 трлн. теңгеден асты. Бұл туралы қаңтардың 25-і күні Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.
2009-2010 жылдарға арналған экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі Үкімет, Ұлттық банк және Қаржылық қадағалау агенттігінің бірлескен іс-қимыл жоспары негізгі 5 бағыт бойынша іске асырылғанына тоқталған Премьер-Министр, олар қаржы секторын тұрақтандыруға, жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешуге, шағын және орта бизнесті қолдауға, аграөнеркәсіптік кешенді дамытуға, сондай-ақ инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталғанын еске салып өтті.
«Дағдарысқа қарсы іс-шараларды іске асыруға бағытталған қаражаттың жалпы сомасы бүгінгі таңда 3 трлн. теңгеден астам қаржыны құрады»,-деп атап өтті Үкімет басшысы.
Мұнымен қоса Үкімет отырысында сөз сөйлеген Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов аталған жоспарды және Жол картасын қаржылық қамтамасыз ету үшін ұлттық қордан 1 трлн. 550 млрд. теңге қаражат бөлінгенін айтып өтті.
Сонымен бірге Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов: "Банктер Ұлттық қордың 147,5 млрд. теңгесін белгіленген уақытынан бұрын қайтарды",- деді. Айта кетейік, қаржы секторын тұрақтандыру аясында еліміздегі 4 жүйе құраушы банктердің қосымша төлемпаздығы 486 млрд. теңге сомасында іске асырылды. Бұл өз кезегінде банктердің резервтік деңгейін қалыптастыруға, сондай-ақ экономиканы несиелендіруді арттыруға мүмкіндік берді.
Естеріңізге сала кетейік, БТА банкке - 212 млрд. теңге, Казкоммерц банкке -120 млрд. теңге, Ұлттық банкке - 120 млрд. теңге және «Альянс» банкке 124 млрд. теңге бөлінген болатын.
М. Құсайыновтың сөзіне қарағанда, банктердің сыртқы қарыздары 11 млрд. доллардан астам қаржыға қысқартылды. Сонымен қатар ол БТА банктің, Альянс банктің және Темір банктің сыртқы міндеттерін қайта құрылымдау табысты аяқталғанын атап өтті.
М. Құсайыновтың айтуынша, атақарылған шаралардың нәтижесінде халықтың банк жүйесіне деген сенімі арта түсті. 2010 жылдың ішінде екінші деңгейлі банктерге халықтың салымы 13,7 пайызға өсіп, жыл соңында 6,8 трлн. теңгені құрады.
2009-2010 жылдары жастар тәжірибесіне бөлінген 3,2 млрд. теңге қаржы толығымен игерілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті.
Оның атап өтуінше, "Жол картасы" бағдарламасы жастарды жастар тәжірибесімен қамтуды 2008 жылмен салыстырғанда 20 есе көбейтуге мүмкіндік берген. «Бұл бағыт бойынша кәсіпорындар мен ұйымдарда жұмыс орындары құрылды. Оларда 90 мыңнан астам жас түлек оқу орнында алған мамандығы бойынша кәсіби тәжірибе жинақтап, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жалақы алды. Жастар тәжірибесін аяқтағаннан кейін жұмыс берушілер 19 мыңнан астам жас маманға өз компанияларында тұрақты жұмыс орындарын ұсынды»,-деді министр.
Гүлшара Әбдіхалықованың атап өтуінше, Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейінен 0,6 пайыздық тармаққа төмен болып отыр. «2009-2010 жылдары жастар тәжірибесіне бөлінген қаражат толығымен, яғни 3,2 млрд. теңге игерілді»,-деді Г. Әбдіхалықова.
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қаржы министрлігіне шикізаттық емес сектор кәсіпорындарын сауықтыру бағдарламасы жобасын Үкімет қарауына енгізуді тапсырды.
Өткен жылғы 21 желтоқсанда индустрияландыру бойынша өткен жиында Мемлекет басшысы тапсырма бергенін және ол отырыс барысында шикізаттық емес сектор кәсіпорындарын сауықтыру бағдарламасы әзірленетіндігі айтылғанын еске салған ол: «Сондықтан Қаржы министрлігі онкүндік мерзімде бағдарлама жобасын Үкімет қарауына енгізсін», - деді.
Сонымен қатар К.Мәсімов нақты кәсіпорынды қолдау және сауықтыру жоспарын бірыңғай үйлестіру кеңесінің қарауына енгізуді жүктеді.
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Бәсекелестікті қорғау агенттігіне, Ауыл шаруашылығы, Экономикалық даму және сауда министрліктеріне азық-түлік тауарларына бағаның қалыптасуы мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін тыңғылықты бақылауда ұстауды тапсырды. Бұндай тапсырманы Премьер-Министр бүгін Үкімет отырысы барысында жүктеді.
Үкімет басшысы, атап айтқанда Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы баға мәселесін қарастыру керек екенін айтты.
Бұл мәселені үнемі назарда ұстау керектігіне тоқталған К. Мәсімов, «жалпы себептермен монополистер, доминанттар өздерінің жағдайын пайдалана бастайды»,- деді. Осы орайда Премьер-Министр бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке азық-түлік мәселесін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Ақпан айында азық-түлік қауіпсіздігі мен ондағы бағаны қалыптастыру шаралары бойынша Үкіметте арнайы селекторлық кеңес өтеді.
ҚазАқпарат