Ағымдағы жылдың 4 ақпан күні облыс әкімі Сергей Дьяченко Енбекшілдер ауданында болып, аудан әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуіне қатысып, сөз сөйледі. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа бағыттарын белгілеп берген Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттер жайында айта келіп, облыс басшысы қазақ елінің әлемдік қоғамдастықтағы беделінің биіктей түскені - Ұлт Көшбасшысы, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы да көреген саясатының жемісі екендігін атап көрсетті. Облыс әкімі С.А. Дьяченко аудан активімен кездесерінің алдында бірқатар нысандарды аралап көрді. Өткен жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында пайдалануға берілген Спорт кешенінің ғимаратында балғын спортшыларға жасалған жағдаймен танысты. Енбекшілдер ауданының әкімі Теміржан Хамитов аудан тұрғындары алдында өзінің есебін берді. Ол өз есебінде өткен жылы атқарылған жұмыстар жайын, экономикалық саладағы жетістіктерді де тілге тиек етті. Өңірдің басты стратегиялық басымдықтарын жүзеге асыруға серпін берген жақсы істерді атап көрсетті. Облыс әкімі Сергей Дьяченко Ақмола облысында өткен жылы жүзеге асырылған мемлекеттік бағдарламаның нәтижесі жайлы айта келіп, Енбекшілдер ауданының қазіргі даму жағдайына өзінің бағасын берді. Жаңа міндеттерін де айқындады. Облыс әкімі Сергей Дьяченко Енбекшілдер ауданы активі алдына келелі міндеттер қоя келіп, биылғы жылдың ерекшелігіне де тоқталды. Ол қандай іс болмасын осының барлығы ел үшін айшықты оқиғаға айналатын - Тәуелсіздіктің 20 жылдығын лайықты қарсы алуға бағытталуы керек деді. Әрбір адам өзінің тәуелсіз елінің толыққанды азаматы болып сезінуі үшін біздің экономикамыз да, әлеуметтік саламыз да қарышты дамуы қажет. Облыс әкімінің баспасөз қызметі