Облыс әкімі Сергей Дьяченко VII қысқы Азия ойындарында жеңімпаз атанған ақмолалық спортшылар мен жаттықтырушыларды қабылдап, оларды жеңістіктермен құттықтап, ризашылығын білдірді. Азия ойындарының чемпиондарына құрмет көрсетіліп, түрлі марапаттар жасалды. Биатлон мен шаңғыдан халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Александр Червяков және Николай Чеботькоға жеңіл автокөліктер сыйға тартылды. Олардың әрқайсысы 1 миллион теңгемен және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. VII қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы айтарлықтай жіңіске қол жеткізді. Біздің спортшыларымыз 70 медаль олжалса, оның 32-сі алтын, 21-і күміс және 17-сі қола. Осынау ортақ жеңіске Ақмола облысының шаңғышылары мен биатлоншылары да сүбелі үлес қосты. Биатлоннан жарысқа қатысқан Александр Червяков 3 алтын медаль олжалса, шаңғышы Николай Чеботьконың еншісіне 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль тиді. Биатлоншылар Марина Лебедева мен Николай Брайченко және шаңғышы Евгений Величко құрама команданың сапында сынға түсіп, бір-бір алтын медальға қол жеткізді. Сондай-ақ, Марина жекелей қашықтықта екі қола жүлдеге ие болды.Облыс әкімі Сергей Дьяченко біздің спортышыларды осынау жетістіктерімен шын жүректен құттықтап, алдағы сайыстарда да жеңістіктерге жете берулеріне тілектес білдірді. Мұнан соң облыс басшысы биатлон мен шаңғыдан халықаралық дәрежедегі спорт шеңберлері Александр Червяков пен Николай Чеботькоға автокөліктің кілттерін табыс етіп, екеуін 1 миллион теңгемен және Алғыс хаттармен марапаттады. Биатлоннан Марина Қазақстан Республикасының спорт шеберлері Марина Лебедева мен Николай Брайченко және шаңғышы Евгений Величкоға да заттай және ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Спорттың шаңғы және биатлон түрінен Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушылар Сергей Тишков, Виктор Васильев және Геннадий Макаров та Ақмола облысы әкімінің сыйлықтарына ие болды. Осынау шараға қатысқан Ақмола облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Чапай Әбутәліпов пен еңбек ардагері Зура Шуатаева жеңістермен қуантқан жерлес спортшыларға шынайы ризашылықтарын білдірсе, Азиада ойындарының жеңімпаздары Николай Чеботько мен Марина Лебедева, бапкер Геннадий Макаров осындай қабылдау жасап, ыстық ықылас танытқан облыс әкімі Сергей Дьяченкоға алғыс айтып, алдағы әлемдік деңгейде өтетін сайыстарда облыс, Қазақстан намысын абыроймен қорғайтындықтарын жеткізді. Ақмола облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Юрий Соловьев болса, облысысмыздың бетке ұстар спортшыларына тұрақты демеушілік жасап келе жатқан «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы мен «Алтынтау Көкшетау» серіктестігінің басшыларына алғыс айтты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі