9 ақпан күні «Достар» мәдениет сарайында облыс әкімі Сергей Дьяченко Көкшетау қаласының әкімі Мұнарбек Батырхановтың 2010 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2011 жылы міндеттері туралы халық алдындағы есеп беру кездесуіне қатысып, сөз сөйледі. Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерге сай облыс орталығының даму мүмкіндіктері және алдағы атқарылатын істер жан-жақты сөз болды. Бұл кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Аяғанов, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Талғат Байзақов, Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Қымбат Мустафина қатысты. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласында негізгі көшелердің 34 учаскесі жөнделді, атап айтқанда: Абай, Горький, Уәлиханов, Әуельбеков, Қуанышев, Ақан сері, Әуезов, Куйбышев, Темірбеков, Кенесары, Мир, Набережная, Ташенов, Северная, Шевченко, Саин және т.б. есепті мерзім ішінде қала бойынша сумен жабдықтау және су тарату жүйелерін реконструкциялау жөніндегі төрт жылға арналған инвестициялық жоба жүзеге аса бастады.Мұнан соң қала әкімі 2011 жылы атқарылуға тиісті бірқатар бағдарламаларға тоқталып, егжей-тегжейлі баяндап берді. Кездесуде сөз алған облыс әкімі Сергей Дьяченко өз сөзінде Ақмола облысының өткен жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің ең бір түйінді жерлеріне тоқталды.Облыс әкімі өзінің сөзінде Ақмола облысының экономикалық көрсеткіштері жайлы айтып өтті. Қазіргі кеде қолға алынған индустриалдық-инновациялық даму бағыты жайлы да ой қозғады. Сонымен бірге, Көкшетау қаласының алдағы жылдарда инновациялық негізде дамуы жайына да тоқталды. Облыс әкімі С.А.Дьяченко Көкшетау қаласы әкімінің есеп беру кездесуінде қаланың атқарушы органдарына өңірді заман талабына сай дамытудың жаңа міндеттерін қойып, болашақ бағдарын да айқындап берді.Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Аяғанов өз сөзінде жалпы еліміз бойынша атқарылып жатқан қомақты істерге тоқталды. Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауы Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің дамуын нақты белгілеп берген маңызды құжат екендігін атап өтті. Сонаң соң шешен өз сөзінде Мәжіліс депутаты ретінде өздерін сайлаған аймақтың проблемаларын ұдайы назарда ұстайтындығын жеткізді.Кездесу барысында қала тұрғындары өздерін толғандырып жүрген облыс орталығын көгілдір отынмен қамтамасыз ету, ұзақ уақыттан бері бірқатар проблемалар қордаланып қалған саяжайларды бағзы қалпына келтіру, ауыз су сапасын жақсарту, азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұру, коммуналдық қызмет ақыларының халықтың қауметі жететіндей деңгейде болуын бақылау туралы сұрақтар қойды.Көкшетау қаласының әкімі М.Батырханов тұрғындар тарапынан түскен ауызша және жазбаша сауалдарға міндетті түрде жауап берілетіндігін мәлімдеді. Бұл туралы облыс әкімі С.А.Дьяченко да қадап тапсырды.Ойға алған іс жүзеге асатын болса, алдағы жылдардың еншісіндегі бағдарламалар жүзеге аса келе, Арқадағы сәулетті қала Көкшетау өзінің астаналық облыс орталығы деген атына сай ажарлы, құстың аясындай жылы, тұрғындардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайы жақсарған мекенге айналмақ.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі