Үкімет отырысында «Еңбекпен қамту - 2020» бағдарламасы қабылданды. «Бағдарламаның мақсаты өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және әлеуметтік жағынан аз қамтылған халықты табысты экономикалық еңбекке тарту, индустрияландыру бағдарламасын іске асыру жолында кадрлық әлеуетті арттыруға негізделген»,-деді Еңбек және халықты әлеуметтік қамту министрі Гүлшара Әбдіхалықова.
Бағдарлама бірінші кезекте тұрғылықты жері бойынша дайындықтан өткізуге, еңбекпен қамтуға, сондай-ақ азаматтың жеке ісін ұйымдастыруға қолдау көрсетуге арналған.
Атап айтқанда, бағдарлама үш кезең бойынша жүзеге асырылады. 2011 жылы шаралар ілкі жоба ретінде атқарылады. Яғни, бағдарламаны іске асырудың тетіктері атқарылып, оның құқықтық қамтамасыз етілуі қарастырылады. Ал екінші кезеңі 2012-2015 жылдары, ал үшінші кезеңі 2016-2020 жылдары іске асырылады.
Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша бұл ауқымды шараға қатысудағы басымдық ауыл жастарына негізделеді. Осы орайда азаматтарға кәсіби дайындықтан өту курстары, қайта даярлаудан өту, біліктілікті арттыру шаралары қолдау түрінде ұсынылмақ.
Бағдарламаға әлеуетті қатысушылар және оларды осы ауқымды шараға қосу жөніндегі шешім аудандық деңгейде қабылданады. «Бағдарламаға қатысушылардың әрқайсысымен өзара міндеттер келісімін қамтитын әлеуетті келісім шарт бекітіледі»,-деді министр.
Мұнымен қоса бағдарламаның екінші бағытында негізгі басымдық жеке өз ісін ұйымдастыру арқылы азаматтарға экономикалық белсенділікті арттыруға арналмақ. Осы орайда кеңес беру қызметтері, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, шағын несиелер беру, инфрақұрылымды дамыту секілді қолдау түрлері қамтылмақ. «Ауылдағы кәсіпкерлікті қолдаудың негізгі тетігі ретінде шағын несиелер қамтамасыз етіледі»,-деді Г. Әбдіхалықова.
Атап айтқанда, шағын несиелер қайтарымды негізде 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Және оның көлемі 3 млн. теңгеден аспайды.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне бағдарлама қабылданғаннан кейін қажетті барлық ілеспе нормативтік-құқықтық құжаттар қысқа мерзімде әзірленуі тиіс екенін тапсырды. Сонымен қатар Премьер-Министр Байланыс және ақпарат министрлігіне бұл бағдарлама халықтың едәуір бөлігін қамтып отырғандықтан ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жүктеді.
ҚР Үкіметінің отырысында жаңа тұрғын үй бағдарламасына сәйкес өңірлерге 1 шаршы метр үшін 170 мың теңгеге дейін қол жетімді тұрғын үй бағасын белгіледі.
Алқалы жиын барысында аталған бағдарламаны таныстырған Құрылыс ісі және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік Нокиннің атап өтуінше, тұрғын үй құрылысын мемлекеттік қолдау 3 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылмақ.
«Бірінші бағытта тұрғын үй құрылыс жүйесін пайдаланып жүзеге асыру үшін қымбат емес тұрғын үй құрылысы жүзеге асырылса, келесіде құрылысты қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктерді қорландыру іске асырылады. Ал соңғы кезеңде инженерлік коммуникациялар салу қолға алынады», - деді агенттік төрағасы.
С.Нокиннің атап өтуінше, үш бағытта қарастырылған шаралар жүзеге асырылған жағдайда жыл сайын елімізде шамамен 6 млн. шаршы метр тұрғын үй құрылысы қамтамасыз етілетін болады.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов эконом-класс санатында салынатын үйлердің 1 шаршы метрінің құны 170 мың теңгелік шектен аспауы керектігін баса айтты.
Сейсенбі күнгі Үкімет отырысында Құрылыс ісі және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік Нокин таяу екі жылда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 40 млрд. теңге бөлінетіндігін мәлімдеді.
Инженерлік желілер салу тұрғын үй құрылысы ауданында, сонымен қатар жеке тұрғын құрылыстары үшін де жүзеге асырылатын болады.
«2011-2012 жылдары бұл мақсаттарға қосымша 40 млрд теңге, оның ішінде 2011 жылы 10 млрд. теңге бөлу ұсынылады», - деді С.Нокин.
Бұл жыл сайын 1,2 млн. шаршы метрге жуық жеке тұрғын үй салуға мүмкіндік береді және мемлекеттік, коммерциялық тұрғын үйлердің дер уақытында пайдалануға берілуін қамтамасыз ететін болады.
Ертең Үкіметте 2011 жылдың бюджеті нақтыланады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.
Барлық қабылданған бағдарламалар бойынша қаржылық ресурстар толық қамтамасыз етілгеніне тоқталған Үкімет басшысы: «Қазіргі кезде бірінші кезекте біз Президент айқындап берген бағыттарға ресурстарды жұмсаймыз. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құрылыс салаларына, «ҚазАгро» арқылы ауыл шаруашылығын дмытуға, «Самұрық-Қазына» мен Даму Банкі арқылы индустрияландыру шараларына, кәсіпкерлікті қолдау іс-қимылдарына назар аударылатын болады»,-деді.
Осы орайда К. Мәсімов аталған қадамдар өте маңызды екенін жеткізіп, осы тұрғыда қажетті барлық шешімдер мен құжаттар тез арада қабылданғанын айтып өтті.
«Ертең Республикалық бюджеттік комиссияның отырысы өтеді. Одан кейін Үкімет отырысында 2011 жылға арналған бюджеттің нақтылаған түрін қабылдаймыз. Сондай-ақ ертең түстен кейін біз «Нұр Отан» партиясына барып, бюджетті нақтылау мен біздің іс-қимыл бағдарламамызды партия үшін таныстыратын боламыз», - деді Премьер-Министр.
ҚазАқпарат