Облыс әкімі Сергей Дьяченко Көкшетау қаласында салынып жатқан жаңа мешіт құрылысында болып, істің барысымен жан-жақты танысып, мешітті белгіленген мерзімінде іске қосудың негізгі мәселелерін пысықтап, талқыланды.Қазір жаңа мешіт құрылысында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мешіт ғимаратының іргетасы мен бірінші, екінші қабатының қабырғаларын көтерген құрылысшылар екінші қабаттың төбесін жабуға кіріспекші. Бірінші қабатта құрылысшылар мешіттің 4 мұнарасын құрастыруға кірісіп кеткен. Ендігі кезекте мешіттің алтын жалатылатын негізгі орталық мұнарасын көтеру міндеті тұр.Облыс әкімі Сергей Дьяченко құрылысшылармен ашық-жарқын әңгіме барысында жұмыс қарқыны, құрылыс материалдарымен, жалақымен қамтамасыз ету жайы туралы сұрастырып, білді. Облыс басшысы қала тұрғындары, бүкіл мұсылман қауымы үшін аса маңызды бұл құрылыс нысанын салу барысында барлық құрылыс талаптарын сақтап, оның сапасына ерекше көңіл бөлу қажеттігіне назар аударды және мешіт құрылысы үнемі облыстық әкімдіктің бақылауында ұсталатындығын атап өтті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі