21 ақпан күні, облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен болып өткен кезекті аппарат кеңесінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер талқыланып, бағаның күнбе-күн бақылауда болуы жөнінде нақтылы тапсырма берілді. Аппарат кеңесін ашқан облыс әкімі таяуда Елбасымыздың Аршалы ауданындағы «Ижевск» өндірістік кооперативінде болған жұмыс сапарының қорытындылары туралы баяндады. Содан кейін облыс басшысы «Азық-түлік корпорациясы» Ұлттық Компаниясы» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық өкілдігінің жаңадан тағайындалған Жұмағатұлы Құттыбаевты жұртшылыққа таныстырды.Жуырда болып өткен жергілікті әкімдердің халық алдындағы есеп беру кездесулерінің қорытындылары туралы облыс әкімі аппаратының жетекшісі Болат Жұпынов баяндап берді. Облыс әкімі биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларындағы жергілікті әкімдердің халықпен есеп беру кездесулерінде көтерілген ұсыныстар мен сын-ескертпелерге орай атқарылатын шаралардың жоспары туралы облыс әкімдігі шешімінің жобасын дайындауды тапсырды. Ол шешімнің орындалуы қатаң бақылауға алынатын болады. Аппарат кеңесінде сондай-ақ Қазақстан Республикасы Табиғи моноплияларды реттеу агенттігі облыстық департаментінің жұмысы туралы департамент бастығы Ербол Есіркеповтың есебі тындалды.Аудандар мен Көкшетау және Степногорск қалалары әкімдеріне, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басшылығына 2011 жылдың кешенді даму бағдарламасына 3-6 ай мерзімге жеңілдікпен тұрғындарға жылу есептегіш және су құралдарын орнату үшін қайтарымды негізде қаржы бөлу тапсырылды.«Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының жұмысы жайлы басқарма төрағасы Саябек Қанахин хабарлама жасады. Осы мәселеге қатысты хаттамалық шешімде аудандар мен Көкшетау және Степногорск қаласы әкімдеріне «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, картоп бағасын ұстап тұру бағытындағы жұмысты одан әрі жалғастыру, «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына картоп өсіру үшін суармалы жер телімін бөлу мәселесін шешу тапсырды. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы басқармасына «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамымен бірлесіп Астана маңайынан азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасы шеңберінде облыс және Елорда тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етуге жағдай жасайтын жаңа жобаларды қарастыру жайын ойластыру тапсырылды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі