Кеше, 24 ақпан күні, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Сергей Дьяченко партияның облыстық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді. Облыс әкімінің қабылдауында болған Астана қаласындағы «Астанит» компаниясының құрылтайшы басшылары біздің өңірімізде индустриалдық-инновациялық бағдарлама аясында өндіріс орындарын ашу жөнінде өздерінің ұсыныстарын білдірді.
Ал, жергілікті саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың белсенділері, бүгінде зейнеткер жасындағы Найля Самигуллина, Вениамин Соловьев және Петр Кузьменколар облыс әкіміне Көкшетау қаласының іргесіндегі саяжайларды ретке келтіріп, арнайы азық-түлік белдеуін жасау және тұрғын үйлер аулаларын абаттандыру мәселесі жөнінде өздерінің ойларын білдірді.
Өз кезегінде облыс әкімі С.А.Дьяченко мұндай мәселелердің күн тәртібінде тұрғанын айта келіп, қойылған сауалдың орынды екенін атап көрсетті. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселенің шешілетіне сенім білдірді.
Сонымен бірге, облыс әкімінің қабылдауында болған басқа да азаматтар өздерін толғандырып жүрген тұрмыстық мәселелер жайлы мұн-мұқтажын білдірді. Ал, облыс әкімі әр адамның сауалын зейін қоя тындап, тиісінше толымды жауабын берді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі