Облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен болып өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік шараларды дайындап, өткізу жөніндегі облыстық ұйымдастыру комитетінің кезекті мәжілісінде облыста осы бағытта атқарылатын жұмыстар тағы бір талқыланып, пысықтала түсті. Мәжілісте Үкіметтің «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеуге әзірлік шаралары туралы» Қаулысыныа сәйкес Ақмола облысында аталған мерекеге тыңғылықты дайындықпен келу және оны ең жоғары деңгейде өткізу жөнінде мақсатты жұмыстар атқарылып жатқандығы атап көрсетілді. Облыста Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу жоспары жасалып, іске асырылуда. Ол ірі 166 қоғамдық-саяси шарадан тұрады. Осы жоспардың негізінде облыстың барлық өңірлерінде өтетін 1500-ден астам іс-шараны қамтитын қосымша кесте де жасалынған. Облыс әкімі Сергей Дьяченко өз сөзінде мәжіліске қатысушылардың назарын Қазақстанның осы аз уақытта қол жеткен жетістіктерін кеңінен насихаттау қажеттігіне аударды. Әрбір салтанатты шара тұрғындардың неғұрлым көп қатысуымен мазмұнды өткізілуі тиіс. Биылғы жылдың өн бойы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу аясында бірқатар әлеуметтік маңызы зор істерді қолға алған жөн. Облыста мемлекеттік бағдарламалардың, басқа да жобаларды іске асырудың шеңберінде жаңа нысандар пайдалануға берілетін болады. Көкшетау қаласында осы айтулы оқиғаға орайластырылып, Тәуелсіздік ескерткіші бой көтермекші. Облыстық жоспарға әлеуметтік маңызы зор шаралар, атап айтқанда, қайырымдылық акциялары, соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету рәсімдері, жастардың қатысуымен саябақтар мен скверлерді, аулаларды абаттандыру жұмыстары да енгізіліп отыр. Өңір басшысы өз сөзінің соңында мәжіліске қатысушыларға тәуелсіздік мерекесіне дейін облыстағы әрбір қала, әрбір елді мекен толық тазалыққа келтіріліп, көркейтіліп, осы үлкен оқиғаға сақадай-сай дайын болуы қажеттігін тағы бір мұқият еске салды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі