Облыс әкімі Сергей Дьяченко Щучинск қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Хрустальный колос» XXV қысқы облыстық спартакиадасының ашылу салтанатына қатысып, спортышыларға жарыс жолында жаңа табыс тіледі.Сонымен қатар, сенбі күні облыс әкімі Сергей Дьяченко жұмыс бабындағы кезекті сапармен Ақкөл және Шортанды аудандарында болып, осы өңірлерде өндірісті дамытып, өркеңдетудің жаңа мүмкіндіктерімен танысты, әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерге көңіл бөліп, Елбасы Жолдауында алға қойылған келелі міндеттерді шешудің нақты жолдарын қарастырып пысықтады.«Казлес» кәсіпорнында болған өңір басшысы мұндағы облыстық қордан ағаш дайындауда қалыптасқан жағдайға үлкен мән беріп, жергілікті басшылармен өндіріс орнын шикізатпен қамтамасыз етудің жай-жапсарын талқылады.Шортанды ауданында облыс әкіміне комбайндар жинау жөніндегі зауыттың жобасы таныстырылды. Сондай-ақ, С.А.Дьяченко диірмен кешенін, Научный кентін, жаңадан салынып жатқан 36 пәтерлік тұрғын үй құрылысын, басқа да бірқатар нысандарды аралап көрді. Осы сапар барысында облыс әкімінің назарынан әлеуметтік сала да тыс қалмады. Атап айтқанда, өңір басшысы Степной селосындағы қоғамдық моншаның құрылысымен танысып, онда шаштараз, массаж кабинеті, демалыс бөлмесі болатындығына қолдау білдірді.Сондай-ақ, облыс әкімі биылғы жылдың наурыз айында индустриалдық-инновациялық бағдарлама шеңберінде іске қосылатын Төңкеріс ауылындағы диірмен кешенінде де болып, оның құрылысына оң баға берді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі